Жол апатына ұшыраған жүргізушілердің төбелесі әлеуметтік желіде тарады.
Кадрлардан бірнеше ер адамның жол апатынан кейін сөзге келіп қалғанын көруге болады, ал куәгерлер оларды арашалап жүр.
«Алматы-Арасан шатқалындағы жол апаты. «Mersedes» жүргізушісі мас күйде жол жиегінде тұрған екі көлікті қағып кетті. Футболкасын шешіп тастаған ер адам төбелес шығармақ болды», - делінген видео сипаттамасында.
Алматы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 5 шілде күні шамамен кешкі сағат 17.00-де болған.
«А. есімді жүргізуші жол қозғалысы ережелерін, 2.4.2-бөлімнің талаптарын бұза отырып, мас күйде «Mercedes» маркалы көлігін басқарып, Казачка көшесімен солтүстік бағытта келе жатып «Mercedes» автокөлігімен соқтығысты, одан әрі «BMW» маркалы көлігін қақты.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автомобильге де зақым келді. Зардап шеккендер жоқ. Материалды Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өндіріске алды», - деді Алматы қаласы ПД анықтау басқармасының басшысы Олжас Шәріпов.