Алматыда жол апатынан болатын өлім-жітім азайып келеді - полиция

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Полиция департаменті қаладағы жол апаттарына тұрақты түрде талдау жүргізіп, жол-көлік оқиғаларының себептерін анықтаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл сегіз айда қалада адамдар жарақат алған жол-көлік оқиғаларының саны 40,1%-ға азайды. Қайтыс болғандар саны - 42,3%-ға, жарақат алғандар саны 41,6% азайды. Жол апатынан 56 адам: 21 жүргізуші, оның ішінде 2 мопед, 3 мотоцикл, бір квадроцикл жүргізушісі, 9 жолаушы, 25 жаяу жүргінші, бір велосипедші қайтыс болған. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі маневр жасау ережелерін бұзу болып отыр. Осы себеппен 649 жағдай тіркелген», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жандос Мұратәлиев.

Спикердің айтуынша, адам қағумен байланысты жол-көлік оқиғалары жыл басынан 767 рет болған. Оның ішінде жүргізушінің кінәсінен – 631, жаяу жүргіншінің кінәсінен 8 оқиға болған.

Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі күндізгі уақытта, сағат 06: 00-ден 22: 00-ге дейін болған.

Талдауға сәйкес көбінесе жұма күндері (291 жол-көлік оқиғасы) болған жол апатынан 7 адам қаза тапқан.