Қалалық полция департаментінің хабарлауынша, жол апаты Наурызбай ауданындағы Қалқаман шағын ауданында 26 наурыз күні түнгі 23:0-де болған.
20 жастағы Mercedes жүргізуші Байзақ батыр көшесімен келе жатып, басты жолға шығып кеткен.
Сол сәтте басты жолда келе жатқан жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан.
«Бұл іс Наурызбай аудандық полиция басқармасының тергеуіне алынды. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде процессуалды шешім қабылданатын болады», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Соққыдан 47 жастағы жедел жәрдем жүргізушісі мен 24 жастағы фельдшер жарақат алды.
«26 наурызда түнгі 23:42-де жол апатынан зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілді. 24 жастағы жедел жәрдем фельдшері жабық ми жарақатымен түсті. Оған миы шайқалған, сол жақ қолы, оң жақ табаны, бел омыртқасы жұмсақ тіндері жарақат алған деген диагноз қойылды. Қазір науқастың жағдайы орташа. 47 жастағы жүргізуші кеуде қуысының жарақатымен травматология бөліміне жатқызылды», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасынан.