Алматыда жол ережесін 504 мәрте бұзған жүргізуші ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қырғыз елінің есебінде тұрған көліктің 39 жастағы жүргізушісіне 4,6 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

Алматыда бір тәулікте жол қозғалысы ережесін бұзған 4 жүргізуші анықталды.

«Оның ішінде 1983 жылы туған И. есімді азамат бар. Ол Қырғыз елінің есебінде тұрған «Хонда» маркалы көлігімен 504 рет жол ережесін бұзған. Сонымен қатар, ер адамның айыппұлын төлемегені анықталды. Айыппұл сомасы 4 629 625 теңгеге жеткен. Құқық бұзушы дереу көлік құралын басқарудан шеттетілді, оның көлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Тағы бір тәртіп бұзушы Ресейде тіркелген көлікпен ұсталды. Бұл - 1988 жылы туған А.есімді азамат. Оның жалпы сомасы 3 480 909 теңгені құрайтын 370 айыппұлы бар. Бұл көлік те айыппұл тұрағына қойылды», - деді қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Манап Саттаров.

Спикердің сөзінше, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлемейтін көлік жүргізушілерін анықтау шарасы цифрлық технологияларды белсенді пайдалана отырып жүріп жатыр.