Алматыда «Жол картасы» бойынша 397 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ

АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы қаласының «Жол картасын» қаржыландыруға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 24,5 миллиард теңгені құрап отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Онда көлік, энергетика және әлеуметтік құрылымдар мен қаланы абаттандыруда 397 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы қаржыландырудың лимиті 22,9 миллиард теңге көлемінде белгіленіп отыр. Оның 13,4 миллиарды республикалық, ал 9,5 миллиарды жергілікті бюджеттен қарастырылуда. Бұл қаражаттардың есебінен қалада жаңадан 20 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұлардың 11,5 мыңы жол-құрылыс жұмыстарында, 1,4 мыңы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығындағы жөндеу жұмыстары мен абаттандыруда, 1,4 мыңы білім беру, 0,6 мыңы денсаулық сақтау нысандарындағы жөндеу жұмыстарында ашылады. Жол-жөндеу жұмыстарындағы 300 жобаға 12 миллиард теңге, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығындағы жөндеу жұмыстары мен абаттандырудағы 56 жобаға 8,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал білім беру нысандарындағы 20 жобаға 1,7 миллиард теңге, денсаулық сақтау нысандарында 21 жобаға 0,9 миллиард теңге қарастырылған.