Алматыда «Жол картасын» іске асыру барысы талқыланады

АТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат - Шілденің 24-інде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтің аймаққа жұмыс сапары ауқымында Алматыда «Жол картасын»  жүзеге асыру, 2010-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту және дамыту кешенді жоспары мен тұғырнамасы мәселелері бойынша  кеңес өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ел Үкіметі басшысы кеңсесіне сілтеме жасап.

Сол күні вице-премьер «Жол картасы» жоспарына енген қаланың бірнеше нысандарын, атап айтқанда «Орбита» қазандығын, «Пионер»  пәтер иелері кооперативін аралайды, Абылай хан даңғылын жаңғырту және №107 мектепті сейсмикалық жағынан күшейту жөніндегі жөндеу жұмыстары барысымен танысады.

Кеңеске Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы әкімдігінің, қаланың коммуналдық мекемелері мен пәтер иелері кооперативтерінің басшылары қатысады.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, шілденің 23-інде С.Ахметов Алматы қаласы және Алматы облысындағы «Жер-2009» республикалық жаттығуларының қорытындыларын талқылауға қатысады.