15:22, 15 Маусым 2009
Алматыда жол-көлік оқиғасының соңы екі топтың қарулы қақтығысына ұласты ? ІІМ-нің өкілі
АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Маусымның 4-і күні Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округінде бірнеше адамнан тұратын екі топ арасында атыс болды.
Қақтығыстың салдарынан үш адам мерт болып, тағы екі адам дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде журналистермен болған брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментің бастығы Қуанышбек Жұмановтың айтуынша, жанжал жол-көлік оқиғасына байланысты туындаған. Аталмыш оқиғаның мән-жайын анықтау барысында тәртіп сақшылары оқиға орнынан автомат пен пистолет оқтарының қалдықтарын тапқан. Сондай-ақ нөмірі өшірілген «ТТ» маркілі тапаншасы табылған. Қақтығысқа қатысушылар 3 көлікті тастап оқиға орнынан қашып кеткен. Қылмыстық әрекетті іздестіру барысында оқиға болған күннің кешінде Рысқұлов пен Қазыбаев көшесінің қиылысында кезекшіліктегі «Боран-140», және «Боран ? 143» экипажының қызметкерлері «Мерседес-230» автокөлігін тоқтатып, одан қылмыстық әрекеттің екі қатысушысын ұстаған. «Ал маусымның 13- күні арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шарасының барысында Астана қаласында жалға алынған пәтерден қылмыстық әрекеттің 3 қатысушысы ұсталып, олардан «гашиш» есірткісі табылды. Сондай-ақ маусымның 19-ы күні Шымкент қаласында қылмысқа қатысы болуы мүмкін тағы екі күдікті азамат ұсталды. Қазіргі таңда қылмыстық әрекеттің өзге де қатысушыларын іздестіру шаралары жалғасуда», деді департамент бастығы.