Алматыда жол сақшылары «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасын өткізеді

АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауымен Алматыда «Қауіпсіз жол» атты алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Ол жол қозғалысы ережелерінің барлық бұзушылықтарын анықтау мен алдын алуға бағытталған.

«Осы күндері жол полициясының толықтай жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқаратын болады. Апталықтың басты мақсаты - жол қозғалысы ережелерінің сақталуына қатаң назар салу. Бұл іс-шара аясында басқарма қызметкерлері жолаушыларды, автокөліктерді, жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі қауіпсіздікті бақылауға алып, жаяу жүргіншілермен жасалатын жол қозғалысы ережелері бұзушылықтарына тосқауыл жасайды. Рейд барысында жол полициясы инспекторлары автобус парктерін, автотұрақтарды және басқа да тасымалдау ұйымдарын қатаң тексеруге алмақ», дейді қалалық ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының бастығы Арман Сарбасов. Полиция полковнигінің айтуынша, бірқатар рейдтік шаралар да жоспарланып отыр. Мәселен, мұндай жұмыстардың кейбірі жол қозғалысы ережелерінің бұзушылықтары бойынша ішкі істер органдары қызметкерлері өзіндік қауіпсіздік қызметі мен жеке құрам бойынша инспекциясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге бағытталған түсіндірме жұмыстары жастар мен қоғамдық ұйымдар бірлестіктерінің қатысуымен автокөлік жүргізушілері және жол қозғалысының басқа да қатысушылары арасында өткізілетін болады.