Алматыда «Жолда қабылдау» акциясы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасы «Жолда қабылдау» акциясын кезекті рет ұйымдастырып отыр.

Дәстүрлі шараны осы жолы ЖПБ-ның қызметкерлері "Нұр Отан" ХДП-мен бірлесіп өткізуде.

"Шара барысында жол полицейлерімен түсіндірме жұмыстар жүргізіліп, азаматтарға құқықтық кеңестік көмек көрсетіледі, қалалық жол полициясы басшылығы және "Нұр Отан" ХДП-ның өкілдері жұртшылықты қабылдайды. Өткен жылдардың тәжірибесі мұндай шаралардың тиімділігі мен маңыздылығын көрсетті. Қаланың жол ахуалы мен ондағы мәселелерді біліп отыру және халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру - аталған шараның басты мақсаты",-дейді Алматы қаласы ЖПБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Досымбаев.

Бұған дайін өткізілген шара барысында арнайы жасақталған автобустардың бағыты дайындалып, олар ірі базарларда, сауда орталықтарының маңы сияқты адамдар көп шоғырланған жерлерде халықты қабылдаған болатын. Сол шаралардың қорытындысы бойынша әртүрлі сурақтармен барлығы 3 мыңнан аса азамат қабылданып, 3478 сұрақ-ұсыныс келіп түссе, 2725 адам анкета толтыруға қатысқан.

Бүгінгі шара бойынша аталған құзырлы органдардың өкілдері арнайы жасақталған 4 автобуспен төрт топқа бөлініп, қаладағы Алматы-1, Алматы-2 темір жол вокзалдары мен "РАМСТОР" сауда орталығы және "Атакент" халықаралық көрме орталығының маңында болып, халықтың арыз, шағымдарын және ұсыныстарын тыңдап, өз жауаптарын берді. Аталған шара барысында тұрғындардың көпшілігі мектеп, балабақша маңына айқын көрінетін жол белгілерін қою керектігін, және автокөлік жүруіне қиындық тудыратын көше бойларына бағдаршам қою сияқты ұсыныстарын білдіріп жатты.