Алматы қалалық әкімшілік полициясының мәліметінше, жыл басынан бері шаһарда орын алған 933 жол-көлік оқиғасына жаяу жүргіншілердің қатысы болған. Салдарынан 31 адам қаза тапты.
Сонымен қатар, биылғы жылдың тоғыз айында жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін 9 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапқа тартылды.
«Жыл сайын жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артып келеді. Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысы, ең алдымен, өз қауіпсіздігін ойлап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы керек. Балалар ата-анасының істегенін қайталайды. Сондықтан үлкендер өздеріне және баласына қауіпсіз орта құру үшін дұрыс үлгі көрсетуі керек. Жаяу жүргіншілерді жолдардағы тәртіпті жақсартуға шақырамыз», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.