Алматыда жолды сапасыз жөндеген бірқатар компанияға айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жауапсыз мердігерлерге қатысты шара күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің тапсырмасымен негізгі көшелерде, квартал аралық көшелер мен аулаларда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін құрылыс компанияларына қойылатын талап күшейтілді.

Бұл шара мердігер компаниялардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік қозғалысына барынша кедергі келтірмеуі үшін қолға алынды.

Алматы қалалық құрылыс бақылау басқармасы сапасыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген алты субьектіні ҚР Әкімшілік кодексінің 312-бабы, 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартты. Атап айтсақ, «АЖК» АҚ, «Электрокабель зауыты» ЖШС, «Кристалл ММС « ЖШС,« Бадимус Строй» ЖШС, «Сұңқар» ЖШС,«Сигма» ЖШС.

Аталған компанияларға 8 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

«Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - дейді қала басшылығы.