Жол қозғалысының қауіпсіздік аптасы аясында жолдарда бақылау күшейтілді, деп хабарлады қалалық ІІД ЖПБ-нің баспасөз қызметі.
29 маусымда Алматыда жол ережесінің 1133 бұзушылығы анықталды. Олардың ішінде мас күйінде көлік жүргізу бойынша 11 факті, қауіпсіздік белдігін тақпаған - 109, кері бұрылуда - 226 және қарсы бағытқа шығудың 34 оқиғасы анықталды.
Өткен жұмада, кешке қарай Түркісіб ауданында «Мерседес-Бенц 230» жеңіл көлігі мен «Howo» көлігі соқтығысты. Қарсы бағытқа шыққан бірінші көліктің жүргізушісі жантәсілім етті.
Оқиға орнына келген жол полициясының қызметкерлері көліктің ішіндегі адамдарды алып шығып, медициналық көмек көрсету үшін жедел шаралар қолданды. Қосымша келген экипаждар көліктерді алып кетумен және куәгерлерден ақпарат жинаумен айналысты.