Алматыда ЖРВИ, тұмау аурулары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе өскен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен аптада ЖРВИ, тұмау ауруларының 19 394 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, өткен аптада Алматыда ЖРВИ, тұмау ауруларының 19 394 жағдайы тіркелді.
«100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 906,71 адамды құрайды. Сондай-ақ, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 9,1%-ға, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе өскенін көрсетті. Ауруға шалдыққан балалар саны 70,6% құрайды», - деді дәрігер.Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері, яғни, 2022 жылдың 1 қазанынан 2023 жылдың 8 ақпанына дейін қалада ЖРВИ-мен 395 595 адам ауырды. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші – 18 494,86-ны құрады және өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 22,8%-ға жоғары.
«Қалада тұмаумен сырқаттанғандар саны 244 адам, оның ішінде В турімен- 119, А/H1N1pdm-09 түрімен 122 және А/H3N2 түрімен 3 адам ауырды. Барлық науқастарға ем тағайындалды, қазір жағдайлары қанағаттанарлық.

Сонымен қатар, мегаполисте тұмауға жатпайтын ЖРВИ вирустары ауада жүр. Олар: РС вирусы, риновирус, парагрипп, бокавирус, метапневмовирус, аденовирус және маусымдық коронавирус»,- деді Әсел Қалықова.
Оның мәліметінше, қала бойынша эпидемияға дейінгі маусымда 2022 жылғы қыркүйектен бастап 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы 224 706 адам егілген.
«Бұл қала халқының 10,5%-ын құрайды. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 210 000 «тәуекел тобындағы» адам (100%), ақылы негізде жеке медициналық орталықтарда жұмыс берушілердің қаражатына 10 576 адам, өз қаражатына – 4130 адам егілді»,- деп хабарлады Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.