Алматыда жұмыс берушілердің жәрмеңкесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер сарайында жұмыс берушілер жәрмеңкесі өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жәрмеңкеге 40-тан астам ұлттық, халықаралық және жеке компаниялар қатысуда. Олардың қатарында «Халық банкі» АҚ, «Сбербанк, «АТФ банк», «Центркредит банкі», «Тұрғын үй құрылыс банкі», «Метрокомбанк», «Ақтөбемұнайгаз», «Кока-кола Алматы боттлерс» компаниялары бар. Сонымен қатар Бостандық аудандық жұмыспен қамту орталығы «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындарын қалыптастыру», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларын ұсынған. Жәрмеңке аясында жұмыс берушемен әңгімелесуден өту бағытында тренинг ұйымдастырылған. ҚазҰУ студенттерінің пікірінше жұмыс жәрмеңкесі студенттерге үлкен мүмкіндік береді. «Жәрмеңке әңгімелесуден қалай өтуге болады, түйіндемені қалай жасауға болады сынды нәрселерді үйренуге, компаниялар тарапынан ұсынылған жұмыстарды таңдауға мүмкіндік береді» дейді ҚазҰУдың тарих факультетінің 4-ші курс студенті Мөлдір Өскенбай.