Алматыда жұмыс орнын сақтап қалу туралы меморандумның жүзеге асырылуын бағалауға арналған республикалық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайындағы Үкімет, Кәсіподақ федерациясы және Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының арасындағы Үшжақты келісім.

Жұмыс орнын сақтап қалу Меморандумын жүзеге асыруды бағалау» деп аталатын республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Мәслихатты Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы және «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдардың Алматы конфедерациясы бірігіп ұйымдастырды. «Біз бұл жоба аясында  Астана, Алматы қалалары мен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында  әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Соның негізінде қазақстандық кәсіподақ ұйымдарының еңбек етушілердің құқын қорғау бойынша  жұмыстарының тиімділігі зерттеліп,  елдегі кәсіподақ қозғалыстарының қазіргі жағдайы, даму болашағы туралы талдау ақпараттарын әзірледік. Осы  алқалы жиында   Шығыс Қазақстан, Орал облыстары мен Астана қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың   зерттеу жұмыстарына байланысты есептері тыңдалуда», дейді  «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдардың Алматы конфедерациясының  төрайымы Ләйла Ахметова. Оның айтуынша, конференцияға қатысушылар енді пікірталастан кейін үшжақты келісімді жүзеге асыруға қатысты құзырлы органдарға өз ұсынымдарын бермек.