Алматыда жұмыссыз жастар санын азайту қалай жүзеге асырылып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда NEET санаты бойынша жұмыста да, оқуда да жоқ жастардың үлесі 8 проценттен асады. Яғни, осы топқа жататын 53 мыңнан астам жас бар. Бұл көрсеткішті азайту үшін бірқатар шара қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, мегаполисте 255 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Жұмыссыз NEET жастарының үлесі 8,3 пайыз.
«Жұмыспен қамту және NEET санатындағы жастардың үлесін азайту Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Өткен жылы біз 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын аштық. Биыл 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздеп отырмыз», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Биыл маусым айында қаланың сегіз ауданында «Мансап күндері» атауымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Мұндай шараларды өткізу – жастарды қолдау және NEET санатының үлесін азайтудағы маңызды қадам.
«Мансап күндері» шарасына ірі компаниялардың 200-ден астам жұмыс берушілері қатысып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ, 26 университет, 21 колледж өкілдері мен 5 мыңнан астам жас қатысты.
Мамандар түлектерге жоғары оқу орындарын таңдауға көмектесіп, жұмыс іздеп келгендерге бос орындар ұсынды. IT, маркетинг сияқты сала қызметкерлері сол жерде жастармен әңгімелесіп сауалнама жүргізіп, қай салаға бейім екендігін байқап көрді. Қызығушылық танытқандарын кәсіптік білім алуға, содан кейін тағылымдамадан өтуге шақырды.
«Біз мұндай шараға екінші рет қатыстық. Біз қазіргі таңда компаниямыз шет елге оқуға түсіруге дайындайды. Қазіргі таңда біздің компанияға сату мамандары керек. Осыған дейін өткізген іс-шара бойынша сату мамандарынан 4-5 мамандарды таптық. 1 IELTS мұғалімін таптық», - Алтынгүл Өмірзақова, компанияның HR менеджері.
Аталған шараға қатыса алмағандар үшін «Jobfair 365» цифрлық бос орындар жәрмеңкесі әзірленді.
Ол платформаның ең басты мақсаты ол жастарға біріккен платформада жұмысқа тұруға да, курсқа жазылуға да, маңызды жастардың сұрақтары бойынша ақпарат алуға мүмкіндігі болды.
Алматы қаласы мансап орталығының мәліметінше, биыл мың адам кәсіптік оқыту бойынша білім алады.
Кәсіптік оқуға жіберілетіндердің ішінде 687 адам - білім беру ұйымдарына, 313 жұмыссыз адам - жұмыс берушілердің жұмыс орнына кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Кәсіптік оқыту ұзақтығы 3 айдан аспайды.
Алматы қаласы мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаевтың айтуынша, кәсіптік оқыту түрлері бойынша 2023 жылға бір адамға оқыту құны 50 мың теңге мөлшерінде бекітілді. Кәсіптік оқуға жіберілген қатысушылармен әлеуметтік келісімшарт жасалады және оқу кезеңінде 21 787 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында бүгінде NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейтіні атап өткен еді.
Осы жылдың наурыз айында Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын қарады.
Тұжырымдамаға сәйкес, жұмысқа уақытша орналаспаған жастардың пайызын төмендету үшін еріктілер жобалары іске асырылады. Тұрақты негізде NEET санатындағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына жүйелі мониторинг жүргізіледі.
Нәтижесінде NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендейді. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі. Пысықтау нәтижесінде қосылған индикаторлардың бірі – жастарды жұмыспен және жоғары біліммен қамту. Нақтырақ айтқанда, 2,3 миллион жасты жұмыспен, 2,8 миллион жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы қаласында 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, оның 60%-ы тұрақты.