Алматыда жүргіншілерге шабуыл жасаған қылмыстық топ құрықталды

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда жаяу жүргіншілерге қарақшылық шабуылдар жасаумен айналысқан азаматтар қолға түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Наурыздың 17-сі күні түн ортасында жастардан құралған топ бірнеше қарақшылық шабуылдар жасаған. Жапа шеккен азаматтың айтуынша, әлгілер кафеден шығып келе жатқан сәтте соққының астына алған. Ол бірнеше минуттан соң ғана есін жиған. Осы оқиғаның куәгерлері полицияға хабарласып, жедел жәрдем шақыртады. Ұялы телефон мен 100 мың теңге көлеміндегі ақша баукеспелердің қолында кетеді. Өздерінің осы тектес әрекеттерін жалғастырған қарақшылар Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысында такси тоқтатпақ болған қызды байқайды. Оған пышақ көрсетіп, қорқытып, ұялы телефоны мен ақша салынған қол сөмкесін тартып алады. «Жәбірленуші жақын маңдағы дүкендердің бірінен құқық қорғау органына қоңырау шалып, олар мінген автокөлікті суреттеп береді. Қалада жедел құрықтау жоспары қолға алынады. Бірнеше минуттың ішінде іздеу салынған «Субару» көлігі тоқтатылды. Қылмыскерлер қарсылық көрсетпеген. Автокөлік ішінен екі бетперде, пышақ, құжаттар салынған бес әмиян, екі ұялы телефон және әйел сөмкесі табылды», - дейді Алмалы АІІБ бастығы, подполковник Талған Сейілханов. Түнгі жортуылшылар қаладағы ЖОО бірінде білім алып жүрген 3 курс студенттері болып шықты. Олар қазір Алмалы АІІБ тергеу абақтысында отыр.