Алматыда журналистерге арналған IV-ші Медиялық шеберлік өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Германияның Қазақстандағы Жылы аясында Қазақстан Гёте институты және «Жалпы неміс газеті» IV-ші Медиялық шеберлік өткізіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға 10-нан аса жас тілшілер мен Орталық Азия елдерінен келген неміс тілін оқушылар қатысуда. Олар онлайн-журналистика мен фотожурналистиканың қыры-сырын үйренуде. Дәрісті Берлин Академиясының жаңа толқыны Матис Винклер мен еркін фото суретші Инес Томсен жүргізуде. Германия елінен арнайы келген қатысушы қонақтар Қазақстанның, атап айтқанда Алматының және Орталық Азияның өмірімен танысуға мүмкіндік алады дейді ұйымдастырушылар.

Орталықазиялық екі тілші мен бір неміс журналисінен құралған топ берілетін тапсырма бойынша ақпарат жинап, мақала жазатын болады. Одан кейін ол ғаламтордағы арнайы бетке ілінеді. Ұйымдастырушылар мұндай тапсырманың жемісті тәжірибе алмасуға көмектесетініне сенімді және болашақта бірлесе жұмыс істеу неміс және орталықазиялық журналистика арасындағы жүйенің құрылуына ықпал етеді дейді.

Шеберлік дәрістер тамыздың 27-не дейін өтеді.