Алматыда жүз отбасына пәтер кілттері тапсырылды

АЛМАТЫ, 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін, Қала күнін мерекелеу қарсаңында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жүз отбасына пәтер кілттерін тапсырды, деп хабарлайды қала басшысының баспасөз қызметінен.

Әкім азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету - мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі екенін баса айтты.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаламызға аса зор көңіл бөліп отыр. Соның арқасында қаламыз серпінді дамып келеді, жаңа тұрғын үй пайдалануға енгізілуде. Президенттің тапсырмасымен Алматыда бірқатар тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Бүгінгі күні біз пәтер кілттерін бірінші кезекте мұқтаж адамдарға тапсырудамыз», - деді Ахметжан Есімов.

Пәтер кілттері халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары өкілдеріне және әлеуметтік сала қызметкерлеріне тапсырылды.