Спикер қыс маусымында өрт пен табиғи газдан улану оқиғалары жиілейтінін айтты.
«Бұл жағдай жүріп жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, өкінішке орай, жылда қайталануда. Жыл басынан бері табиғи газдан улану бойынша барлығы 9 оқиға тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 47%-ға төмендегені байқалады. Табиғи газдан уланудан 28 адам зардап шекті. 2022-2023 жылыту маусымында тұрғын үй секторында 7 адам көгілдір отыннан уланды», - деді Е.Төртқараев.
Құтқарушы газ баллондарын дұрыс сақтамау мен дұрыс пайдаланбаудың салдарынан апаттар мен қайғылы оқиғалар болатынын атап өтті.
«Барлық улану оқиғалары жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде тұрғындардың салғырттығы нәтижесінде орын алады. Мұндай оқиғалар көбінесе газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, газдың шығуы, резеңке шлангтың тозуы, газ баллондарын дұрыс сақтамау себебінен орын алып жатады. Тұрғындар мезгілінде тазаланбаған, мұржаларының тартуы жеткіліксіз, жасалуы, шыққан жері күмәнді газ жабдықтарын пайдаланады», - деді спикер.
Сондай-ақ ТЖД өкілі Ерболат Төртқараев биыл тұрғын үй секторында 350 өрт шығып, 29 адам зардап шеккенін айтты.
Фото: onenergyconsulting.it