Алматыда жыл басынан бері 663 өрт шығып, 150 адам құтқарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл болған өрт саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ерболат Төртқараев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, биыл шаһарда болған өрттің саны өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға азайған.

«Биыл 663 өрт оқиғасы болды. Оның ішінде 150 адам құтқарылды, қауіпті аймақтан 651 адам эвакуацияланды, 2 млрд теңгеден астам соманың мүлкі құтқарылды. Өрттің негізгі көлемі, яғни, 54%, немесе 342 жағдайы тұрғын үй секторында болды»,- деді Ерболат Төртқараев.

Оның мәліметінше, өрттің жеке секторда шығуының негізгі себептері: электр құралдарын пайдалану мен монтаждау ережелерін бұзу (188 жағдай, немесе 55%), отпен ойнау, отқа байқаусыз, абайсыз қарау (62 жағдай, немесе 18%), пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау (38 жағдай, немесе 11%), өрт қою (20 жағдай), басқа да себептер (34 жағдай).

«Алматыда өрттің көп оқиғасы адамдардың жылыту аспаптары мен газ құралдарын немқұрайлы пайдалануынан болған. Алматы қаласы бойынша қатты отынмен жылытылатын 2791 үй есепке алынды. Өрт кезінде жанған азық-түліктен 4 адам уланды», - деді Е.Төртқараев.

Оның айтуынша, тұрғындар түтін шығатын мұржалардың бітеліп қалу жағдайларын тексермейді. Қайғылы жағдайлар газ құрылғысын дұрыс қолданбау, газдың шығуынан, резина шалнгысының тозуы мен газ баллонын дұрыс сақтамаудан болады.

«Газ баллондары мен газ құрылғыларын сертификаттары бар арнайы ұйымдардан ғана алуға шақырамыз. Авто және газ құю бекеттерінде баллонның салмағы өлшенбейді. Газ құрылғыларын, оның ішінде газ баллондарын бөгде адамдардан сатып алмаңыздар. Газ құрылғысын мамандар қызметіне жүгіне отырып, тексеріңіздер. Желдеткіш каналдардың дұрыстығын бақылаңыз. Ұйықтар алдында үй-жайды үнемі желдетіп отырыңыздар», - деп ескертті Ерболат Төртқараев.