Мамандардың айтуынша, биылғы жылдың 9 айында Алматы қаласы маңында пойыз 9 рет адам басып, оның 5-і қаза тапқан.
«2022 жылдың 9 айында Алматы өңірінің (Алматы-1, Алматы-2, Бұрындай, Шамалған, Байсерке, Қайрат станциялары) шекараларында локомотив бригадалары бөгде адамдардың теміржолға шығып кетуіне байланысты 132 рет шұғыл тежеуді қолданды. Бұл ретте, адам басудың 9 жағдайына жол берілген, оның ішінде 5 жағдай өліммен аяқталды. Негізгі себеп – зардап шеккендердің қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Жолды қысқарту үшін олар теміржол желілерін белгіленбеген жерлерде, жақындап қалған пойыздың алдынан кесіп өтпек болған. Жапа шеккендердің бірінен алкогольдік ішімдік ішкені, ал екіншісінде суицид фактісі анықталды», - деді мамандар.
Олар сондай-ақ, оқушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, теміржол нысандарында гаджеттерді, құлаққаптарды пайдаланбауға, вагон төбесіне шығып электр тоғына түсіп қалмауға, теміржол көпірлерінің металл конструкцияларына көтерілмеуге кеңес берді. Сондай-ақ, жасөспірімдерге қауіпті жерлерде әлеуметтік желілерге арналған бейнероликтер түсірмеуді ескертті.