Тәжірибе көрсеткендей, жол-көлік оқиғасынан зардап шегетін балалардың орташа жас мөлшері 7 мен 14 жас аралығында болып отыр. Осы орайда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол полицейлері жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Абайлаңыз, балалар!» атты кең көлемді акция өткізеді. Бүгінгі таңда алып шаһар - Алматыда 181 жалпы білім беретін мектептерде тұрақты түрде жол белгілерін қадағалау мен көше бойларына жақын орналасқан мектептердің маңына арнайы белгілер орнату жұмыстары атқарылуда. Қаламызда мұндай арнайы белгілер қоятын 65 нысан бар. «Балалар қауіпсіздігі» бағдарламасы аясында жыл аяғына дейін тағы да аталмыш 6 нысан толықтай жол белгілерімен қамтамасыз етіледі»,- деп атап өтті Алматы қаласы ІІД ЖПБ бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер және Білім министрліктерінің бастамасымен 2007 жылдың 24 тамызынан бастап жалпы білім беретін мектептерде «Жол қозғалысы Ережелерін» 1-8 сынып оқушыларының оқу бағдарламасына міндетті түрде енгізу жүзеге асырылған. Жаңа оқу жылының басталу қарсаңында жол полицейлері жыл сайын алматылық мұғалімдермен кездесулер ұйымдастырып, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі төңірегіндегі түрлі мәселелерді талқылауды үрдіске айналдырып отыр.
«Дәлірек айтқанда, біз мұғалімдерден жол жүру ережелерін оқыту үшін тәжірибелік сабақтар өткізетін сыныптар дайындығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ жаңа оқу жылының бағдарламасына керекті барлық методикалық әдістемелік құралдармен жабдықтауды талап етеміз. Мұндай екі жақты тығыз қарым-қатынас балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен қаламыздағы жол-көлік қозғалысын тұрақтандыруға өз пайдасын тигізеді деген сенімдеміз»,- деп атап көрсетті полковник Сарбасов.
«Абайлаңыз, балалар!» атты кең көлемді жедел-алдын алу іс-шарасы 2011 жылдың 1-5 қыркүйек аралығында өткізіледі. 1-қыркүйектен бастап жол полициясының барлық жеке құрамы қала мектептерін аралап, салтанатты жиында оқушыларға жол жүру ережелерінінің сақталуы жайында хабарлама жасайтын болады. Ал, 1-сынып оқушыларына жаңа оқу жылының бірінші күні жол полицейлері жол жүру ережелері туралы алғашқы сабақ өткізеді.
«Абайлаңыз, балалар!» атты алдын алу іс-шарасы аясында жол полициясының барлық жеке құрамы балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жұртшылық арасында, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қаладағы барлық жүргізушілер мен жол-көлік қозғалысының басқа да қатысушыларына арнайы дайындалған буклеттер таратылады. Сонымен қатар, әрбір патрульдік автокөлікте жүргізушілерді жол жүру ережелерін бұзбауға шақыратын арнайы жазылған дисктер бар. Жүргізушілердің назарын аудару үшін білім мекемелерінің маңында және адамдар көп шоғырланатын жерлерде, жаяу жүргіншілер өтетін жолақтарда жолға жүгіріп бара жатқан балалардың кескіні бейнеленген макеттер қойылады. Сондай-ақ, жол полициясы «Абайлаңыз, балалар!» атты акцияның өткізілу кезеңінде барлық жүргізушілерді күндізгі уақытта көліктерінің жарық шамдарын қосып жүруге шақырады»,- деп мәлімдеді Арман Сарбасов.