Алматыда жыл басынан бері қанша сәби дүниеге келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 48 200 бала дүниеге келді. Олардың арасында есімдері ерекше нәрестелер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожинаның айтуынша, 2022 жылы мегаполисте бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 4877 сәби артық дүниеге келді.

«Биыл өткен жылмен салыстырғанда туу туралы тіркеу айтарлықтай өсті. Жыл басынан бері Алматыда 48 200 бала дүниеге келсе, былтыр туған сәбилер саны - 43 323», - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Зәуреш Сатхожина.

Түрксіб ауданы әкімі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жанна Дюсембаева жаңа туған нәрестелер арасында ерекше есімдер кездесетінің атап өтті.

«Өте ерекше есімдердің бірі - Вирсавия. Бұл салада қызмет етіп жатқаныма 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде мұндай есімді алғаш рет кездестірдім. Маған қызық болды, сондықтан аталған есім туралы ақпаратты ғаламтордан іздедім. Ол патшайымның аты болып шықты. Сол отбасында екінші баланың есімін Вилави қойды. Бұл да патша дегенді білдіреді екен. Қазір исламда тіркелген есімдер де көбейіп келеді. Бұл да трендтердің бірі. Көп отбасы балаларының атын Адам деп қоя бастады», - дейді ол.