Спикердің сөзінше, әр науқасқа жеке ем тағайындалады. Консервативті немесе хирургиялық араласу әр пациенттің жағдайына байланысты жүзеге асырылады.
«Біздің клиникада кеуде қуысы органдарының әртүрлі ауруларына және мойын, өкпе, кеңірдек, көкірек, өңештің тарылуы, қалқанша безінің қатерлі ісігінде, кеуде қабырғасының ісігіне, кеңірдек-өңеш жарасына, сүт безінің қатерсіз ісігі, қалқанша безінің және айыр без ауруларына операция көптеген түрлері жасалады», - дейді Нұрлан Жарылқапов.
Сонымен қатар, ол жыл басынан бері хирургия орталығында кеуде органдарына 260 операция жасалғанын жеткізді.
«Кеуде қуысының деформациясы адамдардың 2 %-де кездеседі. Сүйек және шеміршек тіндеріндегі өзгерістер кеуде қуысының тірек функциясын да, қозғалғыштығының қажетті мөлшерін де төмендетеді. Бұл патологияда тыныс алуға байланысты проблемалар жиі туындайды, қатты деформация кезінде жүрек ығысуы әрі оның жұмысы бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ, ауыр жағдайдағы кеуде деформациясы омыртқа өзегінің қисаюына әкеледі. Деформацияның бұл түрі тек эстетикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар медициналық көрсеткіштер бойынша да түзетілуі керек»,- деп атап өтті ол.
Дәрігердің айтуынша, кеуде қуысының деформациялану себебі туа біткен, сонымен бірге, жүре пайда болуы мүмкін. Клиникалық тәжірибеде кеуде қуысының көбінесе шұңғыма тәрізді деформациясы және шоқы тәрізді деформация түрлері кездеседі.
«Кеуде қуысының шұңғыма тәрізді деформациясы ең көп таралған және ол 400 жаңа туған нәрестенің ішінде біреуінде кездеседі. Шоқы тәрізді кеуде деформациясы деформацияның екінші жиі кездесетін түрі, ол шұңғыма тәрізді түріне қарағанда 5 есе аз кездеседі. Шоқы тәрізді кеуде деформациясы кезінде кеуде қуысының алдыңғы-артқы өлшемі ұлғаяды және әр түрлі деңгейге және позицияға ие болуы мүмкін жота түрінде қалыптасады, сонымен қатар кеуде қуысының бүйірлік өлшемі тарылады», - деді Нұрлан Жарылқапов.
Сондай-ақ, ол 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен сақтандырылған және тегін медициналық көмек ала алатынын еске салды.