Алматыда жыл басынан бері жаяу жүргіншілер 127 мыңнан аса жол жүру ережелерін бұзған

АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда жол- көлік оқиғаларының алдын алу, жол ережелерінің сақталуын қадағалау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Жаяу жүргінші» жедел-сауықтыру шарасы өтіп жатыр.

Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Жандос Мұраталиевтің айтуынша, жыл басынан бері жаяу жүргіншілер 127 мыңнан аса жол жүру ережелерін бұзған. «Жарты жылда 1047 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 77 адам көз жұмса, 1142 адам түрлі жарақаттармен ауруанаға түсті. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 277-ден астам апатты жағдай орын алып, соның салдарынан 27 адам қаза болды, сондай-ақ жарақат алып, зардап шеккендердің саны 261 адамға жетіп отыр», деді ол.

Апаттардың негізгі себептері жолдарда жаяу жүргіншілердің жүріп-тұру қауіпсіздігі ережесін бұзғандығы болған. «Сол себепті қаланың барлық аудандарында арнайы нарядтар қойылып, жаяу жүргіншілер ерекше назарға алынып, қатаң бақыланатын болады. Әрбір екінші оқиға жаяу жүргіншілердің кінәсінен болуда», деді Ж. Мұраталиев.

Осыған байланысты қалалық жол полициясы басқармасы қала тұрғындарынан жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.