Алматыда жыл сайын «Ореn-air» форматында 100-ге жуық ірі мәдени шара өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық мәдениет басқармасының бастығы Ғани Майлыбаев мәдени инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі міндеттер қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн брифинг барысында спикер Мемлекет басшысы мәдениет саласының алдына ауқымды міндеттер қойғанын, әсіресе оның талантты өкілдерін, елдің дамуындағы зиялы қауымның рөліне ерекше мән бергенін атап өтті.

«Алға қойылған міндетті шешу үшін біз келесі бастамаларды жүзеге асырудамыз. Біріншіден – қаланың мәдени объектілерін барша тұрғындар мен халық үшін барынша қолжетімді ету. Екіншіден – дәстүрлі халық мәдениетін қолдау. Үшіншіден – мәдени өнімдерді әлемдік нарыққа шығару», - дейді Ғани Майлыбаев.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысының Жолдауының кейбір тұстарына тоқталды.

«Келер жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Бұл аталған сала қызметкерлерін қуантты. Сондай-ақ әлеуметтік жеңілдіктер берілетін болды. Алматы қаласы ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне мүше болуының арқасында «Музыка» шығармашылық бағыты бойынша бүкіл әлемге танымал. Жыл сайын қалада «ореn-air» форматында 100-ге жуық ірі мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Тіпті пандемиялық режимде бұл сала дамуын жалғастыруда»,- дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, Алматыда 160 мәдени нысан мен ұйым бар.