Алматыда жыл соңына дейін 1423 көшеге жарық тартылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат¬- Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің жаңа ықшамаудандарында инженерлік желілер құрылысының қарқыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, инженерлік желілер — қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің күретамыры. Бірер жыл бұрын қалаға қосылған аймақтардың арқасында мегаполистің аумағы кеңейді. Сәйкесінше бұл жаңа желілерді қажет етеді.

«Өтіп бара жатқан жыл жемісті болды. Жүздеген шақырым сумен жабдықтау, су бұру желілері мен бірнеше КСС салынды. Наурызбай ауданында сүзгі-сорғы стансасының құрылысы басталды», — деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында.

Қалада инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желісі салынды. Нәтижесінде, «Жаңа Алматының» шеткі ықшамаудандарының 50 мың қала тұрғыны орталық сумен жабдықтау мен су бұру желісіне қосылады.

2019 жылы аудит жүргізіліп, оның барысында 2,3 мыңға жуық көшеде сыртқы жарықтың жоқ екені анықталды. Нәтижесінде таяудағы 2 жыл ішінде қаланы жарықпен толық қамтамасыхз ету жөнінде шешім қабылданды. Жыл соңына дейін қала шетіндегі 1423 көше жарықтандырылады, бұл қаланың 4 ауданында 100% жарықтандыруды қамтамасыз етеді — Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб.

2021 жылдың соңына дейін Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы қалған 601 көшені жарықтандыру жоспарда. Осылайша, Алматы көшелерін 100% жарықтандыруға қол жеткізілетін болады.

«Жол инфрақұрылымын дамыту аясында Жаңа Алматының ықшамаудандарында 42,8 шақырым жол салынды. Ұзындығы 192 шақырым болатын 270 көшеде орташа жөндеу, ұзындығы 86 шақырым болатын тротуарларды ретке келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 саябақ пен 5 жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру қарастырылуда», - деп атап өтті әкім.

Биыл жоспарда көрсетілген барлық шаралар толық орындалды. Келер жылы шеткі аймақтарды дамыту жөніндегі жобалар іске асады. Ол үшін қаржы көзінен жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.