Алматыда «Жылдамырақ, биігірек, күштірек!» деп аталатын студенттер спартакиадасы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін  Алматыда Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің  спорт кешенінде «Жылдамырақ, биігірек, күштірек!» деп аталатын мерейтойлық студенттер спартакиадасының ақтық жарыстарының ашылу рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазҰУ-дің 75 жылдық мерейтой апталығы аясында өткен бұл шара қазанның 12-де басталған болатын. Шағын футбол, волейбол, стритбол, үстел теннисі, шахмат, бадминтон сияқты спорт түрлері бойынша өтіп жатқан спартакиада жеңімпаздарының есімі бүгінгі ақтық ойындардан кейін белгілі болады.  Оның ашылу рәсіміне  Олимпиада ойындарының,  Әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарының және Бүкіләлемдік универсиадалардың жеңімпаздары мен  жүлдегерлері, аталмыш   оқу орнының түлектері, тәрбиеленушілері және тағы басқа да құрметті меймандар қатысты.

«Мен осы оқу орнына 1991 жылы түсіп, 1999 жылы заң факультетін бітірдім. Спорттағы жолымда да университеттің қосқан үлесі зор. Бақыт Файзуллаев пен  марқұм Әбдісалан Нұрмахановтың бапкерлігімен  университет залында жаттығу жасап, Олимпиада ойындарына аттандым.  Қазақстандағы №1 университет боп саналатын Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің абыройы алдағы уақытта да арта берсін»,  дейді Олимпиада чемпионы, Еңбек сіңірген спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермахан Ыбрайымов.