Алматыда жылдар бойы қараусыз қалған жерлер абаттандырылып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай мен Алатау аудандарындағы су дайындау станциясы мен инженерлік желілер құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурызбай ауданында «Қарғалы» су жинау нысаны мен су дайындау станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша негізгі жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Қала әкімі «Құрамыс» шағын ауданындағы құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейінгі қалпына келтірілген 10 шақырым жолдың сапасын тексерді.

Алатау ауданындағы «Самғау» шағын ауданында жиі өшетін электр қуатындағы ақаулар жойылды.

Қала әкімі жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Тұрғындардың өтініші бойынша 30 үйге кәріз желісін жүргізу жобасы әзірленеді. Сондай-ақ балалар алаңын салу мүмкіндігі қаралды.

«Қарасу» ықшамауданыда 26,6 шақырым су құбыры мен 22,6 шақырым кәріз желісінің құрылысы аяқталуға жақын.

Қала әкімі жол төсемін қалпына келтіру жұмысының сапасын бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ, қала әкімі абаттандырылған қоғамдық кеңістікті аралап көрді. Наурызбай ауданындағы Тәжиев көшесінде «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша футбол, балаларға арналған ойын мен спорт алаңдары бар қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

Алатау ауданындағы «Ұлжан-1», «Ұлажан-2» шағын аудандары арасында жаяу жүргіншілер аймағы салынды.

Ондаған жыл қараусыз жатқан жер абаттандырылды. Қазір мұнда футбол алаңы, өзен үстіндегі көпір мен балалар ойын алаңы салынды.