18:54, 21 Сәуір 2009
Алматыда жылдың бірінші тоқсанында 473 жол-көлік оқиғасы тіркелді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында зардап шегушілері бар 473 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 9,2 пайызға кем,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық жол полициясы басқарамасының ақпараттарына сүйеніп.Жол-көлік оқиғалары көрсеткіштерінің төмендеуіне алдын-алу мен жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуын анықтау, көлік құралдарының тұрақтары мен аялдамалар тәртібі, жаяу жүргіндердің өтетін орындары мен балалардың жол-көлік жарақатының алдын-алу тұрғысында «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргін», «Тұрақ» секілді іс-шаралардың көмегі тиген.Бұл шаралар аясында сәуір айының басынан тұру ережесін бұзған 8000-нан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұнымен қатар, жаяу жүргіндердің өтетін орнында бұзылған тәртіпке орай 7 мыңнан астам әкімшілік парағы толтырылған. Жаяу жүргіндер арасында жолды белгіленбеген орындардан кесіп өткені үшін мыңнан аса тәртіп бұзушылық анықталған. Жыл басынан бері Алматы аумағында 601 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 40 адам қаза тауып, 664 адам жарақат алған. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке 110 мың адам тартылса, оның ішінде 2769 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Жүргізушілік құқығынан 3 мың жүргізуші айырылып, 276 жүргізуші әкімшілік қамауға алынды.