Алматыда жылымық ауа райы қашанға дейін созылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» ақпан айында алматылықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанына болжам жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы күндері, 20 ақпанға дейін Алматыда қар аралас жауын-шашын болады. Түнде де, таңертең де тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Ауа температурасы түнде -5-10 аяз, күндіз – 3 аяз, 2 градус жылы болады», – дейді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалының метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Қисебаев.

Алматыда ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы біртіндеп көтеріледі деген болжам бар.

«Ақпан айының соңында ауа температурасы күндіз 5 градусқа дейін жылынады. Қардың негізгі мөлшері осы кезеңде, яғни осы айдың соңында еруі мүмкін», - деп түсіндірді синоптик.

Қазгидромет өкілінің айтуынша, қысқы мезгілде даланы тұман басуы - қалыпты жағдай.

«Бұл аномалия емес. Алматыда қаңтар-ақпан айларында тұманды күндердің орташа саны жалпы алғанда 5-6 күнді құрайды. Бұл тұманның уақыт бойынша ұзақтығына сәйкес. Себебі, біз тұманның басталуы мен аяқталуын белгілейміз», - деді Дәулет Қисебаев.

Еске салайық, Алматыда қар аралас жаңбыр жауды.

Осыған байланысты қалада көктайғақ байқалады. Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларды сақ болуға шақырады.

Бүгін таңғы алтыдан бастап мегаполистің жоғарғы бөлігінде 25-тен астам жол-көлік оқиғасы болды.