Алматыда зияткерлік ойындар бойынша алғашқы ашық бәйге өтеді

АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 2011 жылдың сәуір айында Қазақстандағы зияткерлі ойындар тарихындағы ең маңызды оқиға - Зияткерлік ойындар бойынша Алматы қаласының алғашқы ашық бәйгесі өтеді.

Бұл жайында бүгін аталған шараны ұйымдастырушы комитеттің төрағасы Валерий Володин Алмтыдағы арнайы баспасөз мәслихатында айтты.

Оның айтуынша, әлемнің көптеген қалаларында адамдардың ой өрісін, интелектуалды ізденіске құмарлығын арттыруды мақсат ететін зияткерлі клубтар жұмыс атқарады. "Алматыда 2008 жылдың қараша айында қаламыздың 14 жоғары оқу орындарының зияткерлі клубтарын біріктіретін «Зияткерлі спорт лигасы» қоғамдық бірлестігі пайда болды. Лиганың басты мақсаты - Қазақстан Республикасының азаматтары - мектеп оқушылары, студенттер мен ересектердің зиялылығын арттырудағы шараларды ұйымдастырып өткізу", -дейді ол.

2008-2011 жылар аралығында Лига 10 жоғары оқу орнында 50-ден астам шаралар мен 30-дан астам қалалық сайыстарды ұйымдастырған. Бүгінгі таңда «Зияткерлі спорт лигасы» 400 ден астам тұрақты ойыншыларды біріктіріп отыр.

"Бәйгеде Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің үздік ойыншылары мен командалары өз білімдерін ортаға салады. «Что? Где? Когда?» телевизиялық ойынының «жұлдыздары» Александр Друзь, Борис Бурда, Максим Поташёв, Илья Новиков, Александр Рубин, Елена Потанина бұл шараға қатысу үшін Алматы қаласына келмекші", -деп атап өтті өз сөзінде В. Володи.

Сәуір айының 23-24-і аралығында өтетін ашық бәйге интелектуалды 3 ойын түрінен өтпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың сұрақтарын шетелдік және отандық авторлар бірігіп жазбақ. Сондықтан интелектуалды ойындар барысында Қазақстанның тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты да сұрақтар қойылады.

Қазіргі күні сайысқа қатысам деуші 21 шетелдіктен өтініш келіп түссе, Қазақстан бойынша 30 команда аталған бәйгеге қатысуға құлықты екендіктерін білдірген. Сондай-ақ Латвия мен Израиль азаматтары да қызығушылық білдіріп, өтініш жіберген.

Аталған шараны ұйымдастырушылар атаулы бәйгегедегі «Что? Где? Когда?» ойынына Қазақстанның БАҚ өкілдерін де қатысуға шақырды.