Алматыда «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» акциясы басталды

АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Зорлық-зомбылықсыз жанұя»  акциясы басталды.

Шараның мақсаты әйелдерге қарсы көрсетілетін зорлық-зомбылықтың алдын алу және нәзік жандыларға қол көтеретін ер азаматтармен жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Аталмыш шара аясында қала полицейлері есепте тұрған, отбасылық ұрыс-керістер жиі болып тұратын жанұяларды жеке-жеке аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болады.

«Бұл іс-шараны өткізуге өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарды да қатыстырып отырмыз. Осы орайда алға қойған міндеттерді орындау үшін акцияны өткізуге ІІД-нің барлық қызметтері мен бөлімшелері атсалысады. Іс-шара кезінде жастар мен студенттер арасында үгіт-насихат және түсіндірме жұмыстарын жүргізу де жоспарланған. Сонымен қатар жоғарғы оқу орындары студенттері мен арнайы орта білім беру мекемелерінің оқушыларынан жасақталған валонтерлар да көмек қолын созады. Ал мемлекеттік емес ұйымдар мен кәсіпорындар әйелдерге қарсы көрсетілетін зорлық-зомбылық тақырыбында әлеуметтік зерттеулер жүргізетін болады»,- деді Алматы қалалық ІІД Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Мая Тоқсанова.

Оның айтуынша, іс-шара аясында әйел азаматшалар мен балалардың конституциялық құқықтарының қорғалуы толық қамтамасыз етілмек. "Бұл орайда біздің бөлімше кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен айналысатын инспекторлармен, учаскелік уәкілдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқаруда. Біз келіп түскен арыз-шағымдарды жіті тексеріп, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен тұлғаларға қатысты тиісті шара қолданамыз",-деді М. Тоқсанова.

Акция 14 наурызға дейін жалғасады.