Медициналық жабдық арнайы кардиологиялық датчиктермен жарақтандырылған. Ол ана құрсағындағы сәбидің де, жаңа туған баланың да бойында туа бітті жүрек ақауы бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.
Аталмыш шара «Мэри Кэй» компаниясы мен «ДОМ» қоғамдық қорының «Қазақстандағы туа бітті жүрек ақауы бар балалардың шетінеуін азайту» бағдарламасы аясында жасалуда. Бұнымен қатар, осы бағдарлама аясында аталмыш жабдықтарда жұмыс істеу үшін перзентхананың екі маманы Түркия клиникасында тегін білім алып келді.
«Қазақстанда жыл сайын 3000 сәби туа бітті жүрек ақауымен туылады, олардың 10-15 пайызы ғана бір жасқа дейін өмір сүреді. ТМД елдерінде жылына 40 мың бала туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келеді. Бүгінде бұл мәселе өз елімізбен қатар, әлемде де үлкен, өзекті проблемалардың біріне айналды», -деп атап өтті Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Гүлжан әрсенбаева.
Оның айтуынша, туа бітті жүрек ақауы бар балалардың шетінеуін алдын алуға - дер кезінде диагностикалау, ақауларды дер кезінде түзету мен мамандандырылған клиникалар жағдайында туылғаннан кейін күтім жасау ықпал етпек. «Осы жағдайда ғана туа бітті жүрек ақауларының көпшілігін емдеп жазуға болады. Пациенттердің көпшілігі ем қабылдағаннан кейін толыққанды сау өмір сүре алады, тіпті спортпен де шұғылдана алады»,-деді ол.
Оның пікірінше, босанғанға дейінгі диагностика - көп мәселелердің алдын алады. «Егер құсақтағы баладан жүрек ақауы табылған жағдайда аяғы ауыр аналарға психологиялық көмек көрсетіледі. Мұндай жағдайда не істеу керек екендігі айтылады. Дәрігерлер де жүрек ақауының қандай түрі екендігін білуге мүмкіндік береді. Ең маңыздысы ақауды дер кезінде диагностикалау - әрбір сәбиге көмек көрсетудің бірлескен стратегиясын жасауға, қазақстандық балалардың шетінеу деңгейін төмендетуге ықпал етеді»,-деді Гүлжан Сәрсенбаева.
№1 перзентхананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Сұлушаш Сасаеваның айтуынша жабдықтардың дер кезінде берілуі мен жүрек ақауы бар балалардың шетінеуін азайту бағдарламасы бойынша жасалған қадамдар жағдайдың өзгеруіне ықпал етпек. «2010 жылы біздің перзентханада 6000 әйел босанды. Оның ішінде туа бітті жүрек ақауымен дүниеге келген сәбилер болды, өкінішке орай, ол балалардан айырылып қалдық. 2011 жылдың бірінші тоқсанында бұл аурудың түрі төртінші орынды алып отыр. Осы уақыт аралығында 10 баладан жүрек ақауы анықталды. Сондықтан алдан-ала диагностикалау өте қажет және ол бәріне қолжетімді болуы керек. Біз сондықтан перзентханада алдағы уақытта біріңғай диагностикалық орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда диагностика жасау тегін болады»,-деді ол.