Алматыдағы №1-ші перзентхананың бас дәрігері қызметінен босатылды

АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда 20 қараша күні №1-ші перзентханадан баланың ұрлануы оқиғасына байланысты перзентхананың бас дәрігері Ақмира Садықова қызметінен босатылды.

Бұл туралы бүгін Алматы қалалық денсаулық басқарамасында қала әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың қатысуымен өткен шұғыл мәжілісте белгілі болды.

Мәжілісте осы оқиғаға байланысты бірнеше шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қала әкімі Ахметжан Есімов денсаулық сақтау басқармасы мұндай оқиғаның алдын алу үшін медициналық мекемелер мен перзентхана үйлерінде кіріп-шығуды бақылау тәртібін күшейту туралы бұйрық шығарды.

Бұйрықта медициналық ұйымдарда қызметкерлердің жауапкершіліктері мен орындаушылық тәртібін бақылауды күшейту, сонымен қатар, әйелдің босануы кезінде баланы қабылдауға қатысатын адамдарды тіркеу көзделген.