Алматыдағы 2 адам зардап шеккен жол апаты: Жүргізуші қашып кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол-көлік оқиғасына қатысқан автомобиль жүргізушісі ізін суытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бекмаханов көшесімен шығысқа қарай жүріп бара жатқан Porsche Cayenne жүргізушісі көлікті басқара алмай, бар екпінімен Toyota Avensis-ті артынан келіп соққан.
 

Қатты соққы салдарынан Toyota Avensis алдымен жиектасқа, артынша қоршауға барып соғылған. Ал Porsche Cayenne қарама-қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Avensis-тің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Porsche Cayenne-нің жүргізушісі оқиға орнынан ізін суытқан.
 

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, ол мас күйде болған.

Алматы полициясы оқыс оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр, қашқын жүргізушіге іздеу салынды.