Алматыдағы 4 мыңнан астам көп қабатты тұрғын үйге 30 жылдан бері жөндеу жасалмаған - А. Есімов

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте тұрғын-үй қорын қолдап, тәртіпке келтіру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөліп отырған жалғыз ел.

Бұл бүгін Алматыда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, қысқы жылу маусымына дайындық пен  қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне арналған алқалы жиында айтылды.

«743 жеке пәтер иелері кооперативтерінің (ЖПИК) 300-інде ғана басқарушы директор құрылымы құрылған.    Қалада 7771 көп пәтерлі үй бар. Оның 1177-і мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл өте аз. Көп пәтерлі тұрғын үйдің құжатын жасап, мемлекеттік тіркеуден өткізу 100 мың теңге тұрады. Сондықтан біз жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлдік. Оның көлемін ұлғайта аламыз. Тек ЖПИК өздері белсенділік танытуы керек», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, заң бойынша  20-25 жылда көп қабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жүргізілуі керек. Сондықтан арнайы  мемлекеттік бағдарлама жасалып, 2011 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Онда тұрғындарға 0,1 пайызбен несие беру қарастырылған.  Ол өзінің тиімділігін дәлелдеді, жөндеуден кейін үйдің бағасы 12-20 пайызға өсті. Тек бұл үшін тұрғын үйдегі барлық пәтер иелері өзара бәтуаға келуі керек. Онсыз жөндеу жұмысына несие берілмейді.