Алматыдағы академиялық опера және балет театрында «Кармен» операсының жаңа премьерасы болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында «Қазкоммерцбанк» АҚ қатысумен «Кармен» операсының жаңа премьерасы болады.

Соңғы рет бұл спектакль осы театрда 2007 жылы 5 сәуірде қойылған болатын, одан кейін моральдік жағынан ескірген деген себеппен алынып тасталды.

Қоюшылар жаңа «Карменнің» мазмұнын бүгінгі уақытқа ауыстырды, сонымен қатар оның заманауи сахналық декорациялары мен реквизиттері де өзгерістерге ұшырады. Бұл Қазақстанның опералық сахнасындағы ең бірегей қойылым болмақ.

Атақты «Кармен» операсын Жорж Бизе жазған болатын, оның негізіне француз жазушысы Проспер Мерименің новелласы алынды.

«Кармен» опрерасының жаңартылған премьерасы 16-17 мамыр күндері өтеді.

Дирижер-қоюшысы - Алан Бөрібаев. Басты Дон Хозе рөлін мексикандық тенор Хоэль Монтеро сомдайды. Қоюшы-режиссері - Ләйлім Иманғазина, қоюшы-суретшісі - Вячеслав Окунев, хормейстері - Әлия Темірбекова, балетмейстері - Гүлжан Түктібаева.

«Қазкоммерцбанк» 2008 жылдан бері Абай атындағы опера және балет театрының бас демеушісі болып келеді. Осы ынтымақтастық кезінде тараптар бірнеше жаңа операларды сахнаға шығарды, бірнеше рет опералық және балет өнерінің халықаралық фестивальдарын өткізді. 2013 жылы банк осы театрмен бірлесіп, итальян композиторы Джузеппе Вердидің 200 жылдығына арналған фестиваль өткізді.

Өткен жылы «Қазкоммерцбанктің» қатысуымен «Абай» операсының жаңа қойылымы және «Ұйқыдағы ару» балетінің премьерасы өткен болатын.