Алматыдағы әл-Фараби даңғылында жиектастар ауыстырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әл-Фараби даңғылында жиектастардың 3%-ы ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, әл-Фараби даңғылының бойы Достық пен Асқаров көшесіне дейінгі аралықта орташа жөндеу жұмыстары барысында жиектастар орнатылды. «Жөнделетін аумақта барлығы 25,3 мың метр борттық тастар орнатылды. Орташа жөндеу барысында оның ішінде 16, 4 мың метр жиектастарды тегістеу үшін бөлшектелді, ал ақауына байланысты қайта пайдалануға келмейтін 780 метр жиектастар ғана ауыстырылды. Осылайша, осы даңғылдағы жаңадан ауыстырылған жиектастардың үлесі шамамен 3%. Бұл қала бойынша жаңасына ауыстырудың орташа көрсеткіші», - деп атап өтті әкімдіктен.

Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының халқымен кездесуінде мегаполис жолдарында бордюрдің екі түрі ғана бар екенін атап өткен болатын.

Айта кетейк, әл-Фараби даңғылында орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен 2 апта бұрын – 16 тамызда аяқталды, тротуарларды жөндеу де 31 тамызға дейін бітеді.

Биылғы жол жөндеу кезінде алғаш рет полимерлер қосылған асфальтбетон қоспасы қолданылды.