Алматыдағы әлеуметтік-медициналық мекемелерде бірқатар өрескел заң бұзушылықтар анықталды

None
АЛМАТЫ. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мүгедектер мен қарттардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың қолданылуына жүргізілген тексеру кезінде 159 заң бұзушылықтар анықталды. Бұл бүгін Алматыда өткен қалалалық прокуратураның алқа мәжілісінде айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Прокуратуралық тексеру кезінде жергілікті атқарушы және уәкілетті орындар тарапынан өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгені мәлім болды. Сондай-ақ олардың өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті дәрежеде орындамай, мүгедектердің құқықтарына нұқсан келгені анықталды. Олар - мүліктік құқықтардың бұзылуы, қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын теріс пайдалану, мүліктерін заңсыз иелігінен шығару, мемлекеттік сатып алу туралы заң бұзушылықтар, рұқсатсыз әлеуметтік іс-шаралармен айналысу және тағы басқалар», дейді аға прокурор Аман Аясханов. Оның айтуынша, мүгедектерге арналған интернаттарда 116 адамға әлеуметтік төлемдер алу үшін есеп-шот ашылмаған. Демеушілер арқылы түскен материалдық құндылықтардың орнында болмау фактілері де орын алып отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 54 мүгедекке арналған арбалар берілмей, олардың конституциялық құқытары бұзылған.

«Қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын теріс пайдалануға байланысты қозғалған 2 қылмыстық істің қазіргі кезде біреуі сотқа жіберілсе, екіншісіне тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы тексеру қорытындысы кезінде барлығы 159 заң бұзушылық анықталып, оны жою туралы 20 ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар 34 адам тәртіптік, 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып 223 мың 264 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 124 мың 354 теңгесі өндіріліп алынды», дейді Аман Аясханов.