АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі. Ару Алматыда бұл мезгіл басқа маусымдарға ұқсамайтын ерекше әсемдігімен көпке белгілі. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл әсемдікті, әсіресе биіктен көргенді ұнатады. Сондықтан, шаһар тұрғындары мен қонақтары керемет көріністі тамашалау үшін «Көк-Төбе» саябағына барады. Осыған орай, ҚазАқпараттың фототілшісі саябақты аралап, әдемі сәттерді суретке түсірген еді.
Күз мезгілі – табиғатты тамашалауға, әдемі фотосуреттер түсіруге арналған керемет уақыт. Ал, «Көк-Төбе» саябағы – тамаша уақыт өткізуге таптырмас орынның бірі. Ол Қазақстанның ең көрікті әрі таңғажайып орындарының бірінен саналады. Қаланың ең биік нүктесі – Көк-Төбе теңіз деңгейінен 1100 метр жоғары.
Қала қонақтары мен тұрғындары аспалы жол арқылы әуе трамвайымен көтеріліп, таулардың көрінісінен ләззат алу мүмкіндігіне ие болады. Биіктіктен таулар мен қаланың көрінісі алақандағыдай көрінеді. Сондай-ақ, бұл жерден отбасымен бірге серуендеп жүрген адамдарды, туристерді, жастар мен ғашықтарды, таңның атуы мен күннің батуын тамашалайтын жандарды таба аласыз.
Айта кетейік, бұл күндері Алматы қаласында түнгі және таңғы уақыттарда ауа райы салқын болса да, күндіз аспан ашық, күн жылы. Егер қазан айының алғашқы жартысында аздаған жаңбыр байқалса, айдың екінші жартысында ауа райы біршама өзгеріп, күн сайын дерлік жауын-шашын болып жатыр десе болады.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.