Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері үшін «Мәскеу үшін шайқас» фильмі тегін көрсетіледі

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат - Ақпанның 23-інде Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері үшін «Мәскеу үшін шайқас» фильмі тегін көрсетілмек. Аталған акция бұрынғы Кеңес Армиясының мерекесіне орайластырылып отыр. Ұйымдастырушы - Алматы қаласының әкімдігі.

Сонымен қатар осы іс-шара шеңберінде «Бауыржан Момышұлы - дарынды қолбасшы, талантты жазушы, жастардың рухани тәлімгері» атты кинолекторий өтеді.

«Мәскеу үшін шайқас» 1967 жылы түсірілген кеңестік көркем фильм. Ол Б.Момышұлы туралы кітап және материалдар негізінде түсірілген батырлық кинобаян.

Айта кетейік, ағымдағы жылы даңқты қолбасшының туғанына 100 жыл толады. Осыған орай қазіргі уақытта еліміздің түпкір-түпкірінде, сондай-ақ Ресейде де түрлі шаралар атқарылуда. Мәселен, таяуда Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің резиденциясында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы туралы «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өтіп, сол қаладағы №229 орта мектепке қазақтың батыр ұлының есімі берілген болатын.