Универсиадаға дайындалу және оны өткізу бойынша Дирекция жетекшісінің орынбасары Нұргелді Әбжаппаровтың айтуынша,
нысанның құрылысы график бойынша жүргізіліп жатыр.
«Атлетикалық ауылдағы төрт тұрғын үй - 22-ші наурызға қарай пайдалануға берілсе, тағы төрт тұрғын үй - 9-шы мамырға қарай беріледі. Ал қалған екі тұрғын үйдің құрылысы 6-шы шілдеге қарай толығымен аяқталады. Абаттандыру жұмыстарын тамыз айында аяқтау көзделген», - деді Н. Әбжаппаров.
Ол сонымен қатар, құрылыста қазақстандық үлестің 50 пайыздан асатындығын жеткізді.
«Ауылдың аумағы 21 гектар. Тұрғын үй кешенінен басқа, мұнда емхана, фитнес-орталық, бассейн, сауда үйі, кафе, банк және басқа да нысандар орналастырылады. Коммерциялық аймақтың аумағы - 29 мың шаршы метр. Атлетикалық ауылдағы барлық ғимараттар халықаралық сейсмикалық стандарттарға сай келеді», - деді жобаның архитекторы Шұхрат Жүсіпов.
Сондай-ақ, сәулетші ауылда әлеуметтік инфрақұрылым мен көлік торабы дамытылатындығын жеткізді.
«Кешенде 1, 2 және 3 бөлмелік 1 748 пәтер бар. Универсиада барысында ауыл 5 мыңдай спортшыны қабылдай алады. Ал кейін ол толыққанды заманауи тұрғын үй кешеніне айналдырылады. Ондағы пәтерлер «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша үлестірілуі мүмкін», - деді Ш. Жүсіпов.
Айта кетелік, Универсиаданың барлық нысандары үстіміздегі жылы 30-шы тамызға қарай пайдалануға беріледі.