Алматыдағы Әйтеке би көшесін ұзарту жұмыстары қыркүйек айында аяқталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қыркүйек айының соңына дейін Алматының Алмалы ауданында Байтұрсынов пен Досмұхамедов көшелерінің арасындағы Әйтеке би көшесін ұзарту аяқталады.

Бұл туралы әкім Ерболат Досаев халықпен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ұзарту жобасы жақын маңдағы үйлер тұрғындарының пікірін ескере отырып, қайта қаралғанын атап өткім келеді. Жаяу жүргіншілер жолдары мен қажетті тұрақ орындарын қалпына келтіру қаланы да, осы көшелердің тұрғындарын да қанағаттандырады деп сенемін», - деді Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, биыл аудан бойынша жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланса, оның ішінде 3 көшенің жұмысы аяқталды. Сондай-ақ қыркүйек айында жалпы ұзындығы 17,6 шақырым 13 көшеде жұмыстар аяқталады.

Еске салайық Байтұрсынов пен Досмұхамедов арасындағы Әйтеке би көшесін ұзарту жұмыстары маусым айында басталатыны туралы хабарлаған болатынбыз.