Алматыдағы балалар колониясынан қашқан жасөспірім өз еркімен мекемеге оралды

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Алматыдағы балалар колониясынан қашып кеткен жасөспірім өз еркімен мекемеге қайта оралды, деп хабарлады Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, кісі өлтіргені үшін 10 жылдық жазасын өтеп жатқан 16 жасар жасөспірім Алматыдағы ЛА-156/6 балалар колониясынан шілденің 23-інде қашып кеткен болатын.

Ал жексенбі күні таңертең ол Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша департаментіне өзі келген. Жасөспірім өз кінәсін сезінгенін және жасаған әрекеті үшін өкініш білдіретінін айтып отыр.

Қазір бұл оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, жасөспірімнің қашуының себептері анықталуда.