Алматыдағы барахолка жайма базарындағы өрт ауыздықталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы барахолка жайма базарындағы өрт 18 сағат 43 минутта ауыздықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов хабарлады.

Оның айтуынша, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті авиациясының күшімен өрт ошағына 40 тонна су бүркілген. 

«Екі тікұшақ өрт ошағына әрбір 6-8 минут сайын су шашып жатыр. Қазіргі сәтте өрт ошағына 9 рет су себілді.

Алматы қаласы Жетісу ауданы Солтүстік айналма жолы 25/6 мекенжайында орналасқан «Олжа» базарының өртеніп жатқаны туралы алғашқы хабар бүгін Алматы қалалық ТЖД «101» кезекші бөліміне 16 сағат 26 минутта келіп түскен. Алғашқы өрт сөндірушілер тобы оқиға орнына 7 минуттан кейін, яғни 16 сағат 33 минутта келіп жетті. Ақпарат расталды: сауда павильондары мен қоймалық қора-жайлар өртеніп жатты. Өрттің аумағы шамамен 3000 шаршы метрді құрады.

Өртті сөндіруге 360-тан астам адам (Өрт сөндіру қызметі, Ұлттық ұлан, ІІД, Жедел ден қою арнайы отряды) және 50-ден астам техника мен екі тікұшақ жұмылдырылды.

16 сағат 42 минутта өрт сөндіру бойынша оперативтік штаб құрылды.

Өртті сөндіруге 21 қолмен шашылатын және 4 лафеттік су шашу оқпандары қолданылды. 17 сағат 52 минутта КА-32 тікұшағы өрт ошағына алғаш рет су бүрікті. Су 200 метр жерден ағып жатқан Үлкен Алматы өзенінен алынып жатыр.

Сонымен қатар, сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін базар аумағындағы 3 өрт сөндіру гидранты пайдаланылды. Бұдан басқа, АЦ-30 жылжымалы өрт сөндіру автопойызы және коммуналдық ұйымдар тарапынан 8 су шашатын машина тартылды. 

Дер кезінде қолданылған шаралардың арқасында өрт 18 сағат 43 минутта ауыздықталды.

Өкінішке қарай, сауда павильондарындағы тауарлардың көптігі және қою қара түтіннің салдарынан өртті толығымен сөндіру қиынға соғып жатыр», - делінген хабарламада.