Алматыдағы барлық мемлекеттік орындардың мәліметтер базасы жаңартылады

АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматы қаласында Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Бүкіләлемдік банк Қазақстандағы салықтық әкімшілікті реформалау туралы жобаның іске қосылуына арналған семинар өткізді.

Бұған дейін мұндай рәсім 21 ақпанда Астанада жасалған болатын. Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожиннің айтуынша, жобаны таныстыру шарасының Алматыда жалғасын табуы кездейсоқ емес. Ол ірі іскерлік және қаржылық орталық саналады.

"Біз қазір салық қызметі жағынан бірқатар көршілес және алыс шет елдерді артқа тастадық. Әрине, әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін тұстарымыз бар. Соның бірі - тәуекелді басқару жүйесі. Қазір салықтық әкімшілікті реформалау жобасы аясында ақпараттық жүйе және мәліметтерді өңдеу орталығы құрылуда", -дейді Дәулет Ерғожин.

Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы мамыр-маусым айларында өзге мемлекеттік органдардың мәліметтер қоры тазартылмақ. Өйткені кейде салық төлеушілерге, кейде оның иелегінде жоқ мүліктер туралы хабарламалар келіп түсіп жатады. Бұл ақпаратты олар өзге мемлекеттік орындардан алады. Сондықтан енді олар барлық мәліметтер базасы жүйелерін жаңартпақ. Онысыз жалпы салықтық декларациялауды жүргізу мүмкін болмай отыр.