«Қазіргі кезде WADA-мен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Комиссия жасаған ескертулерге байланысты тиісті шараларды іске асырудамыз. Жалпы, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен барлық қажетті жұмыстар пысықталды, жоспар бойынша алға жылжып келеміз. Осы ретте жаңа жабдықтарды сатып алу керектігі ескеріліп отыр. Бұл тұрғыда қаржыландыру мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Менің ойымша, зертхананың қайтадан іске қосылады»,-деді Үкіметтегі баспасөз мәслихатынан кейін ҚазАқпаратқа берген сұхбатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Оның сөөзіне қарағанда, Комитет өкілдері бюджеттік мәлімдемені әзірлеп қойды, сондай-ақ демеушілердің қаржысын тартуда.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы WADA Алматы антидопингтік зертхананың жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.
«Аккредиттеуді тоқтату туралы үкім 2016 жылдың 24 маусымынан бастап күшіне енді. Антидопингтік зертханаға қан және несеп талдауын жасау сынды кез келген антидопингтік шараларды жүргізуге тыйым салынады», -делінген агенттік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, құжатта инновациялық жабдықтардың болмауына байланысты зертхана жұмысы 4 ай уақытқа шектелгені айтылған еді. Әзірге, қазақстандық спортшылардың сынамалары Дрезден қаласындағы зертханаға жіберілуде.