Алматыдағы екі жаңа метро бекеті «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ашылатын екі жаңа метро бекеті «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы қалалық мәслихаттың VI сессиясында Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтуынша, метро бекеті құрылысының жобасына техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін жаңа бекеттерге атау беру қажеттілігі туындап отыр.

«Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағын ауданы Алатау даңғылының бойындағы №1 бекетті ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болуы үшін «Шұғыла» деп атау ұсынылып отыр. Ал, Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке «Төле би» атауын беру ұсынылып отыр», - деді ол.


Спикердің сөзінше, бұл ұсынысты Алматы қаласы ономастика комиссиясы құптаған. Қала басшылығы тарапынан да қолдау тапқан. Енді Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады. Комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысымен шешім қабылданады.